2021 жылдың 20 мамыр күні Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының қолдауымен Батыс Қазақстан облысы Білім басқармасы және Білім беруді дамыту орталығының ұйымдастыруымен Ы.Алтынсариннің 180, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай инновациялық қызметтің әлеуметтік-педагогикалық құбылыс ретінде мәселелері мен қажеттілігін анықтау және іске асырылуын талқылау мақсатында «БІЛІМ БЕРУДЕГІ ИННОВАЦИЯЛАР ЖӘНЕ МОБИЛЬДІЛІК» республикалық онлайн форумы өткізілді.
Форумға Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Бейсембаев Ғани Бектайұлы, Қарағанды облысы білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының директоры Абдикерова Бакиткул Химальдинқызы, Ақтөбе облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің меңгерушісі Жұбандықова Мерует Күнболқызы, Алматы қаласы, Атырау, Маңғыстау облысының өкілдері, сонымен қатар, жалпы білім беру, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, қосымша білім беру, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтері, әдістемелік кабинеттердің (орталықтардың) әдіскерлері, Республикалық «Үздік педагог» байқауының жеңімпаздары, «Педагогтер қауымдастығының» мүшелері, оқытушы-ғалымдар, магистранттар қатысты. Барлығы 300 педагог қатысты.
Форумның ашылуында алғы сөз алған Батыс Қазақстан облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Темиргалиева Светлана Ибрагимқызы форум қатысушыларының жұмысына сәттілік тілесе, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Бейсембаев Ғани Бектайұлы құттықтау сөзін сөйлеп, жылы лебізін білдірді.
Форумның пленарлық бөлімінде Орал қаласындағы «Педагогикалық шеберлік орталығы» филиалының директоры, педагогика ғылымының кандидаты Обыдёнкина Лариса Валентиновна «21 ғасыр: Білім берудегі трендтер және жаңа генерациядағы педагогикалық кадрларды даярлау мәселелері», Орал қаласы Дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының директоры Хамзина Аягөз Орынбайқызы «Білім беру жүйесіне инновациялық үрдісті енгізу», Орал қаласы Орал «Сервис» технологиялар колледжінің директоры Искалиева Айгүл Бисенбайқызы «Білім берудегі мобильді технологиялар» тақырыптарында баяндама жасап, өз іс-тәжірибелерімен бөлісті.
Форум аясында БҚО Білім басқармасының Білім беруді дамыту орталығы техникалық және кәсіптік білім беру бағыты бойынша ынтымақтастықты нығайту, ілгерілету, білім беру саласындағы жобаларды бірлесе жүзеге асыру және озық іс-тәжірибелермен бөлісу мақсатында Қарағанды облысы білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы және Ақтөбе облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығымен ынтымақтастық меморандумына екі жақты қол қою рәсімін өткізді.
Форумның практикалық бөлімі үш трек бойынша өткізілді. 1-тректің «New generation, new education» педагогикалық қонақ бөлмесінде білім берудегі жаңашылдық пен озық әдіс-тәсілдердің, инновациялық идеялардың іс-тәжірибеде қолданылуы талқыланса, 2-тректе «Білім берудегі лайфхак» стратегиялық сессиясында төрт бағыт бойынша тәжірибелі мұғалімдер білім беру процесін оңтайландыруға ықпал ететін лайфхактарды ұсынды, 3-тректе «Experience, Innovation, Mobility» ашық кейсінде заманауи білім берудегі мобильділік пен инновациялық технологияларды пайдаланудың REAL PICTURE (шынайы көрінісі) туралы әңгіме жүргізілді.
Форум барысында инновациялық қызметтің әлеуметтік-педагогикалық құбылыс мәселелері мен қажеттілігі, оларды іске асыру қағидалары қарастырылып, қатысушы педагогтер әдістемелік қоржындарын заманауи әдіс-тәсілдермен толықтырды.
Форум соңында қатысушы педагогтер кері байланыс арқылы ой-пікірлерімен бөлісіп, ұсыныстарын білдірді.